• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 07:56:30
Алматы
+12°

"Егемен Қазақстан" республикалық газеті" акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы,  Халықаралық Түркі академиясының президенті, ғалым, публицист Дархан Қыдырәлі Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне тағайындалды.  

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі лауазымына тағайындалды" делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі 1974 жылғы 16 сәуірде қазіргі Түркістан, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түлкібас ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де (1991-1992 ж) және Түркияның Мармара (1992-1996 ж), Докуз Эйлүл (1996-1997), Эгей (1997-1998 ж), Ыстамбұл (1998-2001 ж) университеттерінде білім алған. Ыстамбұл университетінде докторлық диссертация қорғап, философия докторы ғылыми дәрежесін иеленген (2001 ж.). Абай атындағы ҚазҰПУ-да докторлық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының докторы атанған (2010 ж).

Еңбек жолын 2001 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде аға ғылыми қызметкер болып бастаған. Мұнан соң оқу орнының қабырғасында ғалым-хатшы, кафедра меңгерушісі, аппарат жетекшісі, жетекші ғылыми қызметкер секілді қызметтер атқарған.

2005-2006 жылдары – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде доцент, аға ғылыми қызметкер.

2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығында директордың орынбасары.

2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде Министрдің кеңесшісі.

2008-2009 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде сарапшы, сектор меңгерушісі ретінде қызмет атқарған.

2009-2012 жылдар арасында Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары болған.

2012 -2014 жылдары Түркі кеңесі Бас хатшысының орынбасары болып қызмет атқарды.

2014 жылдан бастап Халықаралық түркі академиясының президенті.

2015 жылғы 29 маусымнан Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялар одағы Хатшылығының басшысы қызметін қоса атқарады және аталған одақтың ұйымдастырушысы болып саналады. 2015 жылы ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде Қорқыт мұрасы және Түркі әлемі атты халықаралық мәдени шараны, 2016 жылы Нью-Йорк қаласындағы Біріккен Ұлттар ұйымының штаб-пәтерінде 2030 Жоспары үшін Жібек жолы бойындағы жаңа синергия атты халықаралық симпозиумды ұйымдастырған.

2016 жылдың шілдесінен "Егемен Қазақстан" республикалық газеті" акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы болып келді.

Жуырда ғана Халықаралық Түркі академиясының Монғолияның Арханғай аймағы, Номғон жазығындағы ғылыми археологиялық экспедиция жұмыстарының нәтижесінде Құтлық Елтеріс қағанның кешені мен жазуы табылғанын Монғолия жерінен сүйіншілеп хабарлаған. Ғалым бұл жазу түркі тарихын тереңдетіп, адамзат өркениетіне қосқан үлесімізді тағы да 50 жылға ілгерілететінін айтады. Халықаралық Түркі академиясының осы сапарын президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары бағалаған.

Ғалымның көптеген ізденістері талай кітапқа арқау болған. Атап айтқанда, қаламгердің Мұстафа Шоқай (Анкара, 2001 ж.), Тараз тарихы (Тараз, 2005 ж.), Түрік халықтары әдебиеті тарихы, (ұжымдық жинақ) (Түркістан, 2005 ж.), Мұстафа Шоқай (Астана, 2007 ж.), Ұлық Түркістан (Астана, 2008), Атымды адам қойған соң... (Астана, 2008 ж.), Жерұйық (Астана, 2009 ж.), Мұстафа (Астана, 2012 ж.), "Мәңгі тас", (Алматы 2015 ж.) секілді ғылыми еңбектері жарық көрген. 

Дархан Қыдырәлі ғылымның дамуына сіңірген еңбегі үшін Дарын мемлекеттік жастар сыйлығымен, Президенттің алғыс хатымен, Түркология саласындағы үздік жетістіктері үшін Күлтегін атындағы сыйлықпен, Түркі әлеміне қызмет сыйлығымен, Жаңа Түркия Стратегиялық зерттеулер орталығы тағайындаған Түркі тарихы және мәдениетіне қызмет Алтын медалімен, Венгрияның "Офицерлік крест" орденімен, Әзербайжанның Достлуг орденімен, Ақпарат саласының үздігі төсбелгісімен марапатталған.

"Қамшы" сілтейді
Ілмек сөздер: Дархан Қыдырәлі

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір